Абайлаңыз, алаяқтар !

            Интернет-алаяқтық деп – ақпараттық жүйені пайдалану арқылы бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікке құқықты иемденуді айтамыз. Яғни, бұл жерде қылмыскер компьютер, смартфон, планшет секілді заманауи құралдардың көмегімен интернет арқылы адамдарды алдап-арбап, олардан ақша бопсалау, мүлкін жымқыру секілді жымысқы әрекеттерге барады.⠀⠀                                                       Қазіргі таңда көп кездесіп жүрген алаяқтық түрлеріне: интернет-дүкенмен байланысты алаяқтықтар, фишинг, интернет арқылы қайыр сұрау, телефон-алаяқтық, SMS-алаяқтық және интернет-банкинг арқылы жасалатын қылмыстар жатады.⠀⠀                                                                            Түсінікті болу үшін нақты мысалға тоқталып кетейік, SMS-алаяқтық бойынша. Мәселен, Сізге телефон немесе теледидар секілді бағалы заттар сататын белгілі компаниялардың немесе туристік фирмалардың атынан хабарлама келеді не телефон шалады да: «Сіз бағалы сыйлық ұттыңыз», «Шетелге жолдамаға ілігейін деп тұрсыз» деп қызықтырады. Бір азаматқа тұрмыстық техника сататын белгілі дүкеннің атынан «Құттықтаймыз! Сіз жүлделі болдыңыз! Толық ақпарат алу үшін мына нөмірге хабарласыңыз» деген SMS-хабарлама келеді. Қайта қоңырау шалса: «Сіз біздің тауарларымызды алған тұрақты клиентіміз болып келесіз. Біріншіден, Сізге сол үшін алғыс айтамыз. Екіншіден, біз өз клиенттеріміз арасында жүлде ойнаттық. Соның ішінен Сіз ұтып тұрсыз. Сізге плазмалық теледидар сыйламақшымыз. Енді оны Сізге жеткізу үшін 5 мың теңге жол шығынын төлеу қажет», – дейді. Ол QIWI-әмиянмен ақшаны аударып жібереді. Сәлден кейін тағы қоңырау шалып: «Кешіріңіз, біз қателесіппіз, 5 мың теңге тек рәсімдеу үшін ғана екен. Ал, жол шығыны – 10 мың теңге», – дейді. Бұл болса: «Жарайды», – деп оны да аударады. Одан кейін тауар да жоқ, ақша да жоқ, сол күйі ол нөмер сөндірулі болады.                                                   Бұндай деректердің орын алуы қазіргі таңда аз емес, сол себепті алаяқтардың құрықтарына түсіп қалмау мақсатында электронды құралдарды қолдану арқылы іс-әрекеттер жасағанда келесі қауіпсіздік шараларын сақтаған жөн: күдік тудыратын сайттарды оқшаулайтын бағдарламалар орнату (антивирус), арнайы тексерістен өткен сайттардың қызметін қолдану, жеке ақпараттарды пароль арқылы енгізу, онлайн сату-сатып алу әрекеттерін банктердің ресми сайттары мен қолданымдарында жасау, күдік тудыратын файлдарды электронды құралдарға енгізбеу, күдік тудыратын сілтемелерге өтпеу және ең бастысы, кез келген сайттарда жеке ақпаратты қалдырмау.       
Ойыл ауданының прокуратурасы